Іс – шаралар
|
ҰЛТТЫҚ РУХТЫҢ ОРТАСЫНДА - НАУРЫЗ МЕЙРАМЫ
ШЫМҚАЛА ТӨРІНДЕ - НАУРЫЗ МЕЙРАМЫ
Жер бусанып, күн мен түн теңеліп, тіршілік атаулы түлейтін шақта халқымыз ғасырлар бойы ардақтаған Наурыз мейрамы – Ұлыстың ұлы күні арнайы кітапхананың ауласында ерекше сән-салтанатпен аталып өтті. Бұл күн – табиғаттың ғана емес, салт пен сана, тарих пен тағылымның тоғысатын сәті. Ата-баба аманатына адалдық танытып, ұлттық дәстүрдің мәйегін жаңғыртуға арналған бұл шараның басты ерекшелігі – оның инклюзивті форматта, зағип оқырмандар мен барлық келушілерге қолжетімді түрде ұйымдастырылуы болды. Мерекелік дастархан жайылып, наурыз көже, бауырсақ секілді ұлттық дәмдерден ауыз тиген көпшілік ағайын-туыс дастархан басында бас қосқандай, бірлік пен жарасымның иісін сезінді. Кітапхана оқырмандарының орындауындағы күй мен терме, халық әндері мен Наурыз жырлары көпшіліктің жүрегін тербеді. Наурыздың шын рухын жеткізетін бата беру дәстүрі де жаңғыртылып, жиналған қауым ақ тілекке бөленді. Арқан тартыс, тоғызқұмалақ сынды ата-баба мұрасын танытатын ойындарға зағип және көзі нашар көретін оқырмандар да белсене қатысты. Арнайы кітапханада өткен бұл мейрам – дәстүр мен заманауилықтың үндескен, инклюзия мен ұлттық рухтың табысқан тамаша көрінісі болды.
    
|
Іс – шаралар
|
Шымкент қалалық арнайы кітапханада – Ұлыстың ұлы күні наурыз мерекесіне орай «Ұлт мейрамы – ұлық мейрам, Әз - Наурыз» тақырыбында «Ғибрат» мәдени демалыс клубының кезекті іс-шарасы өтті.
Наурыз жаңа күн деген сөз, яғни бұл күн біздің ата-бабаларымыз, арғы тегіміз мыңдаған жылдардан бері мерекелеп келе жатқан жыл басы мерекесі. Шара барысында салт-дәстүріміздің бірі «Тұсау кесер» рәсімі жасалды.
«Ғибрат» клубымыздың мүшелері өнерлі оқырмандарымыз көпшілікті мерекемен құттықтап, әсем ән мен ақ тілектерін білдірді. Қаратау ауданының «Ғасыр» әжелер тобы келіп, оқырмандарға ыстық ықыластары мен тілектерін білдіріп, өз өнерлерін паш етті.
     
|
Іс – шаралар
|
GIRLS DAY: Сұлулық, сенім, сәттілік!
Көктемнің алғашқы айы – табиғаттың оянып, жер жаһанның жасарып, жаңа тыныс алатын кезеңі. Дәл осы әсем шақта, арнайы кітапханада қазақ қыздарының асыл болмысын ұлықтаған, өнер мен руханиятты тоғыстырған ұмытылмас кеш болып өтті.
Кештің шымылдығы ұлттық әуезбен түрілді. Қасиетті қара домбыраның күмбірлеген үні жанды тербеп, өткеннің үнімен бүгінді жалғағандай әсер қалдырды. Бұл кеште қаламыздың өнерпаз жастарының әсем әндері әуелеп, көрермен көңілін тербетіп, жүректерге жылылық ұялатты, көктемнің шуағындай мерекенің көркін қыздыра түсті.
Кеш барысында ән мен би, ойындар мен көңілді қойылымдар орын алып, қатысушылар караокеде ана туралы әндер орындады. Ал думанды кештің сәні мен мәні – марапаттау рәсімі болды. Өмірін руханият пен білімге, қоғамның өркендеуіне арнаған арулар құрметке бөленіп, гүл шоқтары мен сыйлықтарға ие болды.
«Ана – өмірдің шырағы, қыз – ұлттың жаны» деген сөз бар. Осы кеште дәл осы сөздің мән-мағынасы айқын көрініс тапты. Сыйластық пен жылулыққа, ән мен күйге, шаттық пен шынайы қуанышқа толы бұл кеш әр жүректе ұзақ сақталары анық.
    
|
Іс – шаралар
|
ӨЗГЕРІС ӨЗІҢНЕН БАСТАЛАДЫ!
Мотивациялық кеш
Қазіргі заман – даму мен үздіксіз ізденістің дәуірі. Ұлттық құндылықтарды сақтау мен жаңашылдықты ұштастыру – бүгінгі қоғамның басты міндеттерінің бірі. Осындай асыл мұраттарды негізге ала отырып, арнайы кітапханада “Өзгеріс өзіңнен басталады!” атты мотивациялық кеш өтті.
Арнайы кітапхана – рухани кемелдену мен білімнің ордасы
Арнайы кітапхана – тек білім орталығы ғана емес, ұлттық руханият пен инновацияның ұштасқан мекені. Бұл мекеме қазақ әдебиетінің алтын қазынасын сақтап қана қоймай, оқырмандарының рухани өсуіне, тұлғалық дамуына ерекше көңіл бөледі.
Кештің мақсаты және мазмұны
Бұл мотивациялық кештің басты мақсаты – жастарға рухани және тұлғалық даму, өзін-өзі жетілдіру, білімге ұмтылу және өмірге деген сенімді көзқарас қалыптастыру жайлы ой салу.
Іс-шара барысында әртүрлі сала мамандары сөз сөйлеп, жастарға өздерінің өмірлік тәжірибелерін жеткізіп, табысқа жетудің жолдарын көрсетті.
Ізгі тілек
Әрбір жас ұрпақтың бойында білімге, жаңашылдыққа, ұлттық рух пен рухани кемелденуге деген құштарлық арта берсін. Өзгерісті өзіңізден бастап, қоғамға, еліңізге, болашағыңызға жарқын із қалдыруға ұмтылыңыз!
Білімді, еңбекқор, ізденімпаз болыңыздар – өйткені келешек сіздердің қолдарыңызда!
               
|
Іс – шаралар
|
СЕГІЗ ҚЫРЛЫ, БІР СЫРЛЫ ТҰЛҒА: Кендебай Қарабдалов арнайы кітапхана оқырмандарымен кездесті
Бүгін арнайы кітапханамызда қазақтың мәдениеті мен руханиятына өлшеусіз үлес қосқан белгілі этнодизайнер, музыкант, тарихшы, фарабитанушы Кендебай Қарабдалов зағип оқырмандармен кездесіп, олармен терең әрі мәнді сұхбат құрды.
Тарихи мұра жанданған сәт
Кездесуде Кендебай Қарабдалов Отырар өркениеті, оның саздан жасалған өнер туындылары мен музыкалық аспаптары туралы қызықты мәліметтер айтты. Отырар шеберлерінің көне құмыралары мен сазсырнай аспабы жайлы әңгімесі зағип оқырмандарға тарихи мұраның құдіретін сезінуге мүмкіндік берді.
Этнодизайн – мәдениет пен өнер синтезі
Кездесуде қазақтың ою-өрнек философиясы, дәстүрлі қолөнердің мәні туралы да сөз қозғалды. Қолөнер арқылы адамзаттың сан ғасырлық ой-санасы мен эстетикалық талғамы беріледі. Зағип оқырмандар ұлттық оюларды тактильді сезіну арқылы қабылдап, олардың мағынасын зерттеу мүмкіндігіне ие болды.
Философия мен әдебиет әлемі
Кездесу барысында әл-Фараби, Абай, Шәкәрім, Мағжан Жұмабаевтың еңбектері мен олардың рухани мұрасы туралы да айтылды. Кендебай Қарабдалов ой толғаулары арқылы ұлттық философия мен мәдени мұраны заманауи көзқараспен ұштастыруға шақырды.
Сегіз қырлы, бір сырлы тұлға ретінде Кендебай Қарабдалов мәдениет, тарих, өнер, әдебиет, философия, музыка, этнография және қолөнер саласында теңдесі жоқ еңбек етіп келеді. Оның әрбір ісі қазақтың рухани байлығын сақтауға, оны кейінгі ұрпаққа жеткізуге арналған.
       
|
|
|