Іс – шаралар
26.05,2025

«Жан жылуы: Бақытты балалыққа бір қадам»

«Қазақстан балалары» онкүндігі аясында, 1 маусым – Балаларды қорғау күні қарсаңында Шымкент қалалық арнайы кітапхана ұжымы «Рахмет саған, Анашым!» қоғамдық бірлестігінде тәрбиеленіп жүрген ерекше балаларға арнап мейірімге толы, әсерлі іс-шара ұйымдастырды.
Аталған қоғамдық бірлестік – мүмкіндігі шектеулі балалардың құқықтарын қорғап, әлеуметтенуіне, білім алуына, дамуына жағдай жасап жүрген қоғамдық ұйым. Арнайы кітапхана ұжымы осындай балалармен жүздесіп, кітапхананың ерекше қызметтерін таныстырып, рухани серпіліс сыйлауды мақсат етті.
Іс-шара барысында алдымен балаларға арналған кітап көрмесі ұсынылды. Одан кейінгі бағдарлама бөлімінде балалардың қызығушылығын оятатын ойындар мен әдеби қойылымдар өткізілді. Ертегі желісімен өрілген шағын театрландырылған көріністер ертегілер әлеміне жетелеп, олардың белсенділігін арттырды. «Тапқыр болсаң, тауып көр», «Сиқырлы сөздер» ойындары жүргізілді.  Бұдан бөлек, балалармен бірге көңілді әндер шырқалып, ұлттық және заманауи би биленді. Шара соңында кітапхана атынан тәттілер мен естелік сыйлықтар табысталды.
Ал қоғамдық бірлестік басшылығы арнайы кітапхана ұжымына алғыс айтып, бұл кездесудің балалар үшін де, ата-аналар үшін де маңызы зор болғанын атап өтті.

 
09.05.2025

ЖЕҢІС ЖЫРЫ – ЖҮРЕК ҮНІ
Осы ұранмен Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханада 1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған тағылымды кеш өтті. Бұл кеш – тек өткенге тағзым ғана емес, бүгінгі ұрпақтың жүрегіндегі елге, жерге деген шынайы сүйіспеншіліктің айғағы, бейбіт күннің қадірін ұғындыратын рухани шара болды.
Кітапхана ұжымы бұл жолы оқырмандармен бірге майдан даласында шырқалған, елге үміт, жауынгерге күш сыйлаған соғыс жылдарындағы әндерді жаңғыртуды мақсат етті. Осы музыкалық естеліктерге толы кешке “Ардагер” халықтық хор ансамблі арнайы шақырылып, жиынның шырайын келтірді.
рдагер әншілердің орындауындағы “Журавли”, “Темная ночь”, “Смуглянка”, “Катюша” секілді туындылар көрерменді терең толқытып, зал ішін шынайы эмоция мен елжіреген естеліктерге толтырды.
Соғыс жылдарының әндерін тыңдау – тарихты оқумен пара-пар. Өйткені бұл әндерде көз жасымен жазылған шындық, бейбіт күнге деген аңсар, туған жерге деген сағыныш бар. “Жеңіс жыры – жүрек үні” атты бұл кеш – ұлттың өткенін ұлықтап, ерлік пен елдік рухын ұрпаққа аманаттаудың жарқын үлгісі болды. Осындай тағылымды жобалар арқылы кітапхана тек ақпарат көзі ғана емес, ұрпақ санасын қалыптастыратын рухани ортаға айналып отыр.

 
08.05.2025

«Отан үшін от кешкен, батырлардың ұрпағымыз»

(9 мамыр Ұлы Жеңіске 80 жыл)

Бүгін Шымкент қалалық арнайы кітапханада 9 мамыр Ұлы жеңістің 80 жылдығына орай                     «Отан үшін от кешкен, батырлардың ұрпағымыз» атты мерекелік кеш өтті. Кешті Тифлология бөлімінің қызметкері Каттабекова Гүлсара Дүйсенәліқызы жүргізді. Кеште алдымен соғыста қаза тапқан батырларға тағзым етіп, 1 минут үнсіздік жарияланды. Мерекелік кешті кітапхана директорының міндетін уақытша атқарушы Бөрібекова Әдемі Сейтжаппарқызы ашып құттықтау сөз сөйледі. Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты «Көкбұлақ» мәдениет үйінің өнерпаздарымен айтыскер ақын Карима Оралова арнайы келіп мерекелік шараға көрік беріп, өнерлерін тарту етті. Ән мен жыр шалқыған шығармашылық кеш кітапхана оқырмандарына ерекше әсер сыйлап, жүректерге жалынмен потриоттық сезім жаңғыра түсті. Келген өнерпаздарға сый-құрмет көрсетіліп, алғыс хаттар табыс етілді. Кеш соңында қадірлі қонақтармен оқырмандар естелік суретке түсіп көңілді тарасты. 9 мамыр Ұлы жеңістің 80 жылдығы ерлік пен өрліктің, даңқ пен еңбектің кең өрістеген бейнесін сомдағандай. Қан майданда жан қиған батырлармен тылда тынымсыз ерлік жасаған бабаларымыздың аты тарих тақтасында қашап жазылса ұлттың жүрегінде мәңгі сақталып, санада жаңғырып тұра бермек.

 

 
02.05.2025

«Қазақстанның көпэтникалық мәдениеті,

Татулық пен тұрақтылық тыныштық тұғыры!»

(1 мамыр ҚР Халықтарының ынтымақ күні)

Бүгін Арнайы кітапханада 1 мамыр Қазақстан халықтарының бірлігі күніне арналған «Қазақстанның көпэтникалық мәдениеті, Татулық пен тұрақтылық тыныштық тұғыры!» - атты мерекелік кеш өтті. Кеште өзге ұлт азаматшасы кітапханамыздың тұрақты оқырманы Дадаева Зебо өз өнерін ортаға салып, Таджик халқының салт дәстүрі мен ұлттық тағамдарын, оқырман қауымға ұсынды. Мерекелік кеш әрмен қарай тәтті жырмен көңілді әндерге ұласты. Жүзі басқа болғаны мен жүрегі бір, тілі басқа болғаны мен тілегі бір, мақсат-мүддесі ортақ, бірлігі мықты, достығы берік ұлттар қазақ елінің салт-дәстүріне, ұлттық құндылықтарына құрметпен қарайды, сондай-ақ қазақ халқының қарапайымдылығы, қонақжайлылығы, бауырмалдылығы үшін ерекше бағалайды, бастысы өздері қоныс тепкен Қазақстан жерінің барлық ұланымен ауыз бірлікте, туыс болуды көздейді. Бүгінгі шараның да мақсаты халықтар арасындағы достықты нығайту, достық қарым-қатынастарын қалыптастыруды жалғастыру болмақ.

 
03.04.2025

"Кітап арқылы ашылған сырлы әлем"

Шымкент  қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы  кітапханасының  балалар бөлімінің кітапханашысы К.Аппазованың жетекшілігімен 2-сәуір  Халықаралық балалар кітабы күніне арналған,  "Кітап арқылы ашылған сырлы әлем" тақырыбында, кітапхана ауласында  Жалпы білім беретін "Нұр" мектебінің 3 - сынып оқушыларының қатысуымен қызықты іс-шара болып өтті. Кітаптың адам өміріндегі маңызы туралы ұғындыру және жас ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығын арттыру.

Іс-шара барысында кітап көрмесі ұйымдастырылып  жас оқырмандарға таныстырылды. Оқушылар тақпақтар, жаңылтпаштар айтып, жұмбақтар шешіп, викториналық сұрақтарға жауап беріп, қызықты ойындар ойнап,  белсене атсалысып кеш шырайын аша түсті. Кеш соңында балаларға тәттілер үлестіріліп, кішкентай оқырмандарымыз көңілді тарасты.

 
02.04.2025

ҰЛТТЫҚ РУХТЫҢ ОРТАСЫНДА - НАУРЫЗ МЕЙРАМЫ

ШЫМҚАЛА ТӨРІНДЕ - НАУРЫЗ МЕЙРАМЫ


Жер бусанып, күн мен түн теңеліп, тіршілік атаулы түлейтін шақта халқымыз ғасырлар бойы ардақтаған Наурыз мейрамы – Ұлыстың ұлы күні арнайы кітапхананың ауласында ерекше сән-салтанатпен аталып өтті.

Бұл күн – табиғаттың ғана емес, салт пен сана, тарих пен тағылымның тоғысатын сәті. Ата-баба аманатына адалдық танытып, ұлттық дәстүрдің мәйегін жаңғыртуға арналған бұл шараның басты ерекшелігі – оның инклюзивті форматта, зағип оқырмандар мен барлық келушілерге қолжетімді түрде ұйымдастырылуы болды.
Мерекелік дастархан жайылып, наурыз көже, бауырсақ секілді ұлттық дәмдерден ауыз тиген көпшілік ағайын-туыс дастархан басында бас қосқандай, бірлік пен жарасымның иісін сезінді.

Кітапхана оқырмандарының орындауындағы күй мен терме, халық әндері мен Наурыз жырлары көпшіліктің жүрегін тербеді.
Наурыздың шын рухын жеткізетін бата беру дәстүрі де жаңғыртылып, жиналған қауым ақ тілекке бөленді. Арқан тартыс, тоғызқұмалақ сынды ата-баба мұрасын танытатын ойындарға зағип және көзі нашар көретін оқырмандар да белсене қатысты. Арнайы кітапханада өткен бұл мейрам – дәстүр мен заманауилықтың үндескен, инклюзия мен ұлттық рухтың табысқан тамаша көрінісі болды.

 
26032025

Шымкент қалалық арнайы кітапханада – Ұлыстың ұлы күні наурыз мерекесіне орай «Ұлт мейрамы – ұлық мейрам, Әз - Наурыз» тақырыбында «Ғибрат» мәдени демалыс клубының кезекті іс-шарасы өтті.

Наурыз жаңа күн деген сөз, яғни бұл күн біздің ата-бабаларымыз, арғы тегіміз мыңдаған жылдардан бері мерекелеп келе жатқан жыл басы мерекесі. Шара барысында салт-дәстүріміздің бірі «Тұсау кесер» рәсімі жасалды.

«Ғибрат» клубымыздың мүшелері өнерлі оқырмандарымыз көпшілікті мерекемен құттықтап, әсем ән мен ақ тілектерін білдірді. Қаратау ауданының «Ғасыр» әжелер тобы келіп, оқырмандарға ыстық ықыластары мен тілектерін білдіріп, өз өнерлерін паш етті.

 

 
05032025

GIRLS DAY: Сұлулық, сенім, сәттілік!

Көктемнің алғашқы айы – табиғаттың оянып, жер жаһанның жасарып, жаңа тыныс алатын кезеңі. Дәл осы әсем шақта, арнайы кітапханада қазақ қыздарының асыл болмысын ұлықтаған, өнер мен руханиятты тоғыстырған ұмытылмас кеш болып өтті.

Кештің шымылдығы ұлттық әуезбен түрілді. Қасиетті қара домбыраның күмбірлеген үні жанды тербеп, өткеннің үнімен бүгінді жалғағандай әсер қалдырды. Бұл кеште қаламыздың өнерпаз жастарының әсем әндері әуелеп, көрермен көңілін тербетіп, жүректерге жылылық ұялатты, көктемнің шуағындай мерекенің көркін қыздыра түсті.

Кеш барысында ән мен би, ойындар мен көңілді қойылымдар орын алып, қатысушылар караокеде ана туралы әндер орындады. Ал думанды кештің сәні мен мәні – марапаттау рәсімі болды. Өмірін руханият пен білімге, қоғамның өркендеуіне арнаған арулар құрметке бөленіп, гүл шоқтары мен сыйлықтарға ие болды.

«Ана – өмірдің шырағы, қыз – ұлттың жаны» деген сөз бар. Осы кеште дәл осы сөздің мән-мағынасы айқын көрініс тапты. Сыйластық пен жылулыққа, ән мен күйге, шаттық пен шынайы қуанышқа толы бұл кеш әр жүректе ұзақ сақталары анық.

 
13022025

ӨЗГЕРІС ӨЗІҢНЕН БАСТАЛАДЫ!

Мотивациялық кеш

Қазіргі заман – даму мен үздіксіз ізденістің дәуірі. Ұлттық құндылықтарды сақтау мен жаңашылдықты ұштастыру – бүгінгі қоғамның басты міндеттерінің бірі. Осындай асыл мұраттарды негізге ала отырып, арнайы кітапханада “Өзгеріс өзіңнен басталады!” атты мотивациялық кеш өтті.

Арнайы кітапхана – рухани кемелдену мен білімнің ордасы

Арнайы кітапхана – тек білім орталығы ғана емес, ұлттық руханият пен инновацияның ұштасқан мекені. Бұл мекеме қазақ әдебиетінің алтын қазынасын сақтап қана қоймай, оқырмандарының рухани өсуіне, тұлғалық дамуына ерекше көңіл бөледі.

Кештің мақсаты және мазмұны

Бұл мотивациялық кештің басты мақсаты – жастарға рухани және тұлғалық даму, өзін-өзі жетілдіру, білімге ұмтылу және өмірге деген сенімді көзқарас қалыптастыру жайлы ой салу.

Іс-шара барысында әртүрлі сала мамандары сөз сөйлеп, жастарға өздерінің өмірлік тәжірибелерін жеткізіп, табысқа жетудің жолдарын көрсетті.

Ізгі тілек

Әрбір жас ұрпақтың бойында білімге, жаңашылдыққа, ұлттық рух пен рухани кемелденуге деген құштарлық арта берсін. Өзгерісті өзіңізден бастап, қоғамға, еліңізге, болашағыңызға жарқын із қалдыруға ұмтылыңыз!

Білімді, еңбекқор, ізденімпаз болыңыздар – өйткені келешек сіздердің қолдарыңызда!

 
<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 Келесі > Соңы >>

Страница 1 из 20