Іс – шаралар
12022025

СЕГІЗ ҚЫРЛЫ, БІР СЫРЛЫ ТҰЛҒА: Кендебай Қарабдалов арнайы кітапхана оқырмандарымен кездесті

Бүгін  арнайы кітапханамызда қазақтың мәдениеті мен руханиятына өлшеусіз үлес қосқан белгілі этнодизайнер, музыкант, тарихшы, фарабитанушы Кендебай Қарабдалов зағип оқырмандармен кездесіп, олармен терең әрі мәнді сұхбат құрды.

Тарихи мұра жанданған сәт

Кездесуде Кендебай Қарабдалов Отырар өркениеті, оның саздан жасалған өнер туындылары мен музыкалық аспаптары туралы қызықты мәліметтер айтты. Отырар шеберлерінің көне құмыралары мен сазсырнай аспабы жайлы әңгімесі зағип оқырмандарға тарихи мұраның құдіретін сезінуге мүмкіндік берді.

Этнодизайн – мәдениет пен өнер синтезі

Кездесуде қазақтың ою-өрнек философиясы, дәстүрлі қолөнердің мәні туралы да сөз қозғалды. Қолөнер арқылы адамзаттың сан ғасырлық ой-санасы мен эстетикалық талғамы беріледі. Зағип оқырмандар ұлттық оюларды тактильді сезіну арқылы қабылдап, олардың мағынасын зерттеу мүмкіндігіне ие болды.

Философия мен әдебиет әлемі

Кездесу барысында әл-Фараби, Абай, Шәкәрім, Мағжан Жұмабаевтың еңбектері мен олардың рухани мұрасы туралы да айтылды. Кендебай Қарабдалов ой толғаулары арқылы ұлттық философия мен мәдени мұраны заманауи көзқараспен ұштастыруға шақырды.

Сегіз қырлы, бір сырлы тұлға ретінде Кендебай Қарабдалов мәдениет, тарих, өнер, әдебиет, философия, музыка, этнография және қолөнер саласында теңдесі жоқ еңбек етіп келеді. Оның әрбір ісі қазақтың рухани байлығын сақтауға, оны кейінгі ұрпаққа жеткізуге арналған.

 
11022025

ТАКТИЛЬДІ КІТАПТАР ӘЛЕМІ

Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы  кітапханасының балалар залында «Тактильді кітаптар: Оқу әлемі. Тактильді кітаптар арқылы оқу тәжірбиесін ұсыну»  тақырыбы аясында іс-шара  болып өтті. Аталған шараға қаламыздағы № 33  Көз көру функциялары ауыр және жеңіл бұзылған балаларға арналған «Ақбота» балабақшасының бүлдіршіндері  тәрбиешілерімен бірге келіп қатысты.

Балаларды тактильді кітаптармен танысуға, кітаптар арқылы қиялын ұштауға, жаңа дүниелерді үйренуге, оқу тәжірбиесін ұсыну арқылы  балалардың кітаптарға деген қызығушылығын арттыру. Балалар  тактильді кітаптарды сипап-сезу, оқи отырып, жаңа әлемдермен танысты.

Шара барысында балақайлар белсенділік танытып, әртүрлі ойындарға қызыға қатысып атсалысты. Кеш соңында ойын жеңімпаздарына тәтті сыйлықтар таратылды.

Біздің есігіміз балақайлар үшін әрдайым ашық! Келіңіздер кішкентай оқырмандар!!!

 
«КІТАПХАНАНЫҢ 55 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН TEAM BUILDING: БРАЙЛЬ ШРИФТІ АРҚЫЛЫ БІЛІМ МЕН КОМАНДАЛЫҚ РУХТЫ НЫҒАЙТУ»

«КІТАПХАНАНЫҢ 55 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН TEAM BUILDING: БРАЙЛЬ ШРИФТІ АРҚЫЛЫ БІЛІМ МЕН КОМАНДАЛЫҚ РУХТЫ НЫҒАЙТУ»

Бұл шара арнайы кітапханамыздың 55 жылдығына орай, Брайль шрифтін үйрену мен насихаттау, қызметкерлер арасындағы командалық байланысты нығайтып, шрифттің мүмкіндіктерін кеңінен таныстыру мақсатында ұйымдастырылды.

Шараның барысы мотивациялық тренерлердің жетекшілігімен өтті. Олар кітапханашыларға мотивация беріп, кеңестермен бөлісті. Тимбилдингтің алғашқы кезеңі қатысушылардың бір-бірімен танысуына арналды.

Командалар өздерін таныстыру барысында Брайль шрифтімен өз аттары мен армандарын жазып, достық атмосферасын қалыптастырды.

Ал сенсорлық, тактильді ойындарда әр команда Брайль шрифтін пайдалана отырып, жұмбақтар шешті, сұрақтар сессиясында қатысушылар Брайль шрифті, оның тарихы мен қолдану әдістері туралы білімдерін сынады.

Командалық жылдамдық ойындары да шараның маңызды бөлігі болды. Мұнда қатысушылар шапшаңдық пен дәлдікті сынап, жеңіс үшін жарысты.

Тимбилдинг керемет достық атмосферасында өтіп, шараның соңында әріптестер келесі тимбилдингті асыға күтетіндерін айтып, осындай бірлік пен ынтымақтастықтың ұжымды жаңа деңгейге көтеретінін қуана атап өтті.

 
«Әр сәуледен таралады тәтті үміт»

Шымкент қалалық арнайы кітапханада «Әр сәуледен таралады тәтті үміт» атты сауықтыру айлығы аясында кітапхана оқырмандары арасында түрлі жарыстар ұйымдастырылуда. Соның ішінде «Бар әлемді саусағыммен танимын» брайльша оқу және жазу жарысы. Сайысқа белсенді жастар қатысып, өз бақтарын сынап тапқырлықтарын танытты. Жарық әлемге жанарсыз бейімделген жандар үшін өткізілген сайыс өзіндік ерекшелікке толы. Аталмыш сайысқа қатысқан оқырмандар брайльша жазудан ептілігімен шапшаңдығын іске асырса, брайльша оқудан білімділігін байқатты. Жарысқа қатысқан әрбір оқырман өз қабілетін ортаға салып, жан-жақтылығымен өзгелерге үлгі болды.

 
«COMPETITION OF KNOWLEDGE»

«БІЛІМДІЛЕР БӘЙГЕСІ» нұсқаулық арқылы этаптық кезеңдерге жолдама  (Зағиптар арасында жарыс)

Шымкент қалалық Арнайы кітапханада «Әр сәуледен таралады тәтті үміт» атты сауықтыру айлығы аясында «Білімділер бәйгесі» тақырыбында оқырмандар арасында білімділер жарысы өтті. Оқырмандар өзара 4 топқа бөлініп, жарысқа қатысты. Жарыс 5 кезеңге бөлінді. Жан-жақты білімділігімен сайысқа түскен топ құрамдары өз өнерін ортаға салып, сұрақтарға жауап беріп, дара дауыстарды анықтап, брайльша жазу жазып, ой қозғауда белсенділік танытты.

Қатысушылардың қабілетімен жүйріктігін бағалап, қызмет көрсету бөлім меңгерушісі Ләззат Абжаппарова, Тифлопедагог Ғабит Ақатаев, Әдістемелік бөлім қызметкері Айжан Омарова төрелік етіп, 3-ші топтың оқырмандарын жеңімпаз деп анықтап құттықтады.

Жүргізуші Ербек Бакиев келген оқырмандарға өз алғысын білдіріп, үздіксіз кітап оқуға шақырды.

 
25.09.2024

Шымкент қалалық арнайы кітапханасының 55 жылдығына арналған «Инклюзивті кітапханалар: тарих, жетістіктер, перспективалар» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясының 1 күні ерекше өтті. Кітапхана тарихы, жетістіктері мен жаңа жобалары туралы баяндамалар тыңдалды. Ғалымдар, елдің арнайы кітапхана мамандары және шетелдік мамандар өз тәжірибелерімен бөлісіп, кітапхананың қоғамдағы рөлін талқылады.

Конференция барысында ерекше тактильді көрме мен инклюзивті-шығармашылық көрмелер ұйымдастырылып, күн соңында қатысушылар сертификаттармен марапатталды. Конференцияға ерекше көрік берген ҚСҚ мүшелерінен құралған «Назар» ұлт аспаптар ансамблі өнер көрсетіп, ұлттық музыканың әсемдігін тамашалауға мүмкіндік берді.

Алда бұдан да керемет шаралар жоспарланып отыр, арнайы кітапханалар қызметінің аясын кеңейту мен дамытуға бағытталған жаңа идеялар жүзеге асырылады деп күтілуде.

LIBRARY DISCOVERY DAY

Конференция аясында арнайы кітапханамен танысу шын мәнінде керемет өтті. Қатысушылар кітапхана залдарымен танысып, мұнда жинақталған мол ақпараттық ресурстарды, электронды базаларды және ғылыми жұмыстарды қолдаудың мүмкіндіктерін зерттеді.

Кітапхананың тарихымен танысу, ақынмен кездесу, тактильді тарихпен танысу, шебердің мастер-классы, әдеби перформанс және қуыршақ қойылымы – осылардың бәрі мәдениет пен білімнің шекараларын кеңейтті. Әдебиет пен мәдениет турасында өрбіген әңгімелер инклюзия мен инновацияның бүгінгі қоғамдағы маңызына жаңа көзқарас ұсынды.

Конференцияның соңында қатысушылар өздерінің ыстық ықыластарын жазып, ой бөлісті. Бұл сәттер әркімнің жүрегінде ерекше орын қалдырды, өйткені ортақ идеялар мен сезімдермен бөлісу – қоғамды біріктірудің негізі. Осылайша, конференция тек білім мен тәжірибе алмасудың алаңы ғана емес, сонымен қатар шығармашылық және рухани дамудың үлкен бір орталығына айналды.

 
24082024

Шымкент қалалық арнайы кітапханасының 55 жылдық мерейтойы қарсаңында, кітапханамызға ҚР Ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстандық кітапханалық одақтың төрайымы, Мәдениет саласының үздігі Бақытжамал Қайырбекқызы Оспанова және ҚР Ұлттық кітапханасының Қорды толықтыру қызметінің жетекшісі Изамбекова Қаншайым Мұсақызы іссапармен келіп, кітапханамыздың қызметімен жақынырақ танысты.

Келелі іс-шараға Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Оңдасынова және қалалық кітапхана басшылары да қатысты. Бақытжамал Қайырбекқызы қазіргі кітапханалардың алға қойған мақсаттары мен бағыттары туралы терең ой қозғап, осындай кездесулердің маңыздылығы мен кітапхана қызметінің жоғары деңгейін атап өтіп, «Кітапхана – білім мен мәдениеттің қазынасы» дегенді де баса айтты.

Қазақстанның мәдениет саласындағы беделді тұлғалардың, соның ішінде ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Қайырбекқызы Оспанова мен Қорды толықтыру қызметінің жетекшісі Қаншайым Мұсақызы Изамбекованың кітапханамызға жасаған сапары бізге зор сенім мен жауапкершілік жүктеді. Ал қонақтарымыздың пікірлері мен ұсыныстары біз үшін бағалы бағдар болып табылады, олар бізге жаңа бағыттар мен перспективалар ашады.

Осындай ұжымдық еңбектің, жаңашылдыққа ұмтылыстың, оқырманға деген қамқорлықтың нәтижесінде Шымкент қалалық арнайы кітапханасы еліміздің мәдениет айдынында өзінің жарқын жолын жалғастыра бермек. Кітапхана – өмірдің жарқын шамшырағы, оның жарығы талай ұрпақты білімге, мәдениетке, өнерге жетелей беретініне кәміл сенеміз.

 
01072024

“Тимбилдинг: креативті ойлау және жаңа идеялар генерациясы”

“Open air team building”

Арнайы кітапханамыздың ұжымы - бұл бірлік пен ынтымақтың жарқын үлгісі, әрқашан бір-бірімізге қолдау көрсетіп, ортақ мақсаттарға жету үшін біз бірге жұмыс істейміз.

Біздің ұжым инклюзивтілік пен креативтілікке ерекше мән береді. Біз әрбір қызметкердің қабілеттерін бағалап, олардың дамуына жағдай жасаймыз.

Бұған дәлел - ұжымымыздың жаздың шырайлы күнінде Қасқасу демалыс аймағына ұжымдық рухты нығайтуға арналған тимбилдинг шарасына шығуы. Бұл шара кітапханамыздың 55 жылдығына және Брайль шрифтін үйрену мен насихаттауға арналды.

Ұжым мүшелері демалыс аймағына жиналып, екі топқа бөлінді. Әр топтың мақсаты - бір-бірімен ынтымақтасып, түрлі тапсырмаларды орындау болды.

Нәтиже: Бұл шара ұжымның бірлігін нығайтып, қызмет сапасын жоғарылатуға үлкен үлес қосты. Әрбір қызметкер өз қабілеттерін көрсетіп, жаңа дағдыларды меңгерді.

Біздің ұйымшыл және заманауи ұжымымыз - бұл кітапханамыздың басты байлығы. Біз әрқашан алға ұмтылып, жаңа жетістіктерге қол жеткізуге дайынбыз!

 
26062024

«БОЛАШАҚТЫҢ ИНКЛЮЗИВТІ КІТАПХАНАСЫ: кітапханалық қызмет көрсетудің инновациялық тәсілдері»

Инклюзивті БиблиоФорум

2024 жылдың 26 маусым күні арнайы кітапханамызда Түркістан облысына қарасты аудандарда орналасқан арнайы кітапханалардың мамандары үшін ерекше форум өтіп, зағип және нашар көретін азаматтарға қызмет көрсету саласындағы ең үздік тәжірибелер мен жаңашыл технологияларды талқылауға арналды.

Форумға тәжірибелі кітапханашылар, СММ-мамандар, психологтар, педагогтар және басқа да байланысты салалардың өкілдері жиналды. Форум барысында қатысушылар навигацияға, оқуға және қарым-қатынасқа арналған мобильді қосымшалардың соңғы жетістіктерін, аудио материалдармен жұмыс істеудің инновациялық әдістерін, білім беру мақсатында виртуалды шындықты пайдалануды, сондай-ақ зағип пайдаланушыларды психологиялық қолдау мен ынталандырудың тиімді тәсілдерін талқылады.

Алдағы Жоспарлар мен ынтымақтастық:

Форумның нәтижелері негізінде, алдағы уақытта бірнеше маңызды шараларды жоспарлап отырмыз. Біріншіден, кітапханалық қызмет көрсету саласында жаңа технологияларды қолдану және инклюзивті тәсілдерді енгізу бойынша тренингтер мен семинарлар ұйымдастырылады. Екіншіден, форум барысында талқыланған идеялар мен ұсыныстарды іске асыру үшін арнайы жұмыс топтары құрылады. Бұл топтар инклюзивті қызмет көрсетуді жақсарту бойынша нақты жобаларды әзірлейді.

Форум Нәтижелері:

Форумда талқыланған мәселелер мен ұсыныстар бізге жаңа бағыттар ашуға және өз қызметімізді жетілдіруге мүмкіндік берді.

Болашақта біз қызмет көрсету сапасын арттыру және инклюзивті тәсілдерді дамыту үшін жаңа технологиялар мен инновацияларды қолдануды жалғастырамыз. Біз барлығымыз бірлесіп, инклюзивті қоғам құруға және көру қабілеті нашар азаматтардың өмірін жақсартуға үлес қосамыз.

 
<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 Келесі > Соңы >>

Страница 2 из 20